Қазақ тілі бойынша оқу жұмысын ұйымдастыру

1

Қазақ тілі бойынша оқу жұмысын ұйымдастыру

Негізгі мәселелер:

Сабақ, оның түрлері мен типтері

Қазақ тілі сабағының құрылымы

Сабақты ұйымдастыру, оның түрлері

Қазақ тілі сабағын жоспарлау. Жоспардың түрлері

Тақырыпқа ену сұрақтары.

Қазақ тілін оқытуда дидактикалық, жалпыәдістемелік ұстанымдардың маңызы қандай?

Бағдарламасыз оқулық жазыла ма, екеуінің айырмашылығы неде?

Білім беруді ұйымдастырудың жолы қандай?

Теориялық блок. Оқу үрдісі – білім мен біліктілікті қалыптастырудағы мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті. Оның ең үлкен бірлігі – оқу жылы. Ол тоқсанға бөлінеді. Ал оқу үрдісінің ең кіші бірлігі – сабақ. Демек, мектепте білім беруді ұйымдастырудың негізгі формасы да сабақ болып табылады. «Урок – это солнце, вокруг которого, как планеты, вращаются все другие формы учебных занятий»,-дейді Н.М.Верзилин.

Қазақ тілінен ұйымдастырылатын сабақ өзінің сипаты жағынан алуан түрлі болғанымен, олардың барлығы да белгілі бір жүйемен жүргізіледі.

Ғылыми-әдістемелік еңбектерде сабақ мақсаты мен құрылымына қарай екі топқа бөлінеді: оқыту сабағы және тексеру сабағы. Оқыту сабағы: 1) жаңа материалды игерту сабағы; 2) біліктілікті қалыптастыру сабағы; 3) өткенді қайталау сабағы; 4) оқушылардың қатесімен жұмыс сабағы болып бөлінеді. Ал тексеру сабағы: тілдік іскерлікті тексеру сабағы, орфографиялық, пунктуациялық сауаттылықты тексеру сабағы және байланыстырып сөйлеуді тексеру сабағы болып бөлінеді. Сабақты типке бөлуде ғалымдардың пікірлері әр түрлі. Мысалы, ғалым-әдіскерлер сабақты дидактикалық мақсатына қарай (И.Н.Казанцев), оқыту әдістеріне қарай (И.Н.Борисов) жіктесе, М.И.Махмутов сабақты мазмұны мен өткізу, ұйымдастыру мақсатына қарай 5 типке бөледі: жаңа материалды өту сабағы, білім, біліктілікті жетілдіру сабағы, жүйелеу, жалпылау сабағы, аралас сабақ және білім, біліктілікті тексеру, түзету сабағы. С.В.Иванов сабақтың типін саралауда оқыту үрдісінің кезеңдерін негізге ала отырып: кіріспе сабақ, жаңа материалмен бірінші танысу сабағы, ұғым, түсінік, ереже, анықтамалардың қалыптасу сабағы, дағды сабағы, қайталау, қорыту сабағы, тексеру сабағы, аралас сабақ деп жіктейді. В.А.Онищук сабақты білім беру мақсатына қарай: жаңа білім беру сабағы, дағды мен іскерлікті тәжірибеде қолдана алу сабағы, білімді қорыту, жүйелеу сабағы, білімді тексеру, толықтыру сабағы, аралас сабақ деп жіктейді. Ю.Ж.Зотов сабақты дидактикалық мақсатына қарай: аралас сабақ, жаңа материалды өту сабағы, дағды мен іскерлікті қалыптастыру және алған білімді жүйелеу сабағы, оқушылардың білімін тексеру және бағалау сабағы деп саралайды. Ә.Исабаев сабақты білім мен дағды қалыптастыру ерекшелігіне қарай: теориялық білім меңгерту сабағы (жаңа сабақ, біріккен сабақ, лекция сабақ), практикалық дағды қалыптастыру сабағы (бекіту сабағы, семинар сабақ, тексеру сабағы, сынақ сабақ, талдау және қайталау сабағы) деп жіктейді. Педагогика ғылымдарының кандидаты К.Назарғалиева сабақтың 3 типін атап көрсетеді: 1. Жаңа білім беру сабағы. Оған: жаңа сабақ, аралас сабақ, біріккен сабақ, экскурсиялық сабақ, дәстүрлі сабақ, факультативтік сабақ пен лекция сабағын жатқызады. 2. Іскерлік пен білім дағдысын қалыптастыру сабағы. Оған: жаттығу сабағы, пысықтау сабағы, грамматикалық талдау сабағы, жүйелеу сабағы, конференция сабағы, тіл ұстарту сабағын жатқызады. 3. Білім дағдысын қалыптастыру сабағы. Оған: бақылау сабағы, пікір алысу сабағы, шығармашылық сабақ, есеп беру сабағы, тексеру сабағы, семинар сабағын жатқызады.

Сабақты типке жіктеуде ең негізгі мәселе сабақтың дидактикалық мақсаты болуы тиіс. Егер сабақтың басты мақсаты жаңа білім беру болса, онда сабақтың типі: жаңа материалды өту немесе жаңа білім беру сабағы болады. Егер сабақтың басты мақсаты өтілген материалды қайталау, бекіту, жүйелеу болса, онда сабақтың типі: білімді бекіту, дағды мен іскерлікті қалыптастыру сабағы болады. Сабақты дидактикалық мақсатына қарай жіктеу оның құрылымын анықтауға мүмкіндік береді. Сабақтың тағы бір түрі – қайталау сабағы. Шын мәнінде, мұның өзі бекіту сабағы болып есептеледі. Өйткені бекіту қайталаусыз, ал қайталау сабағы оқушылардың білімін бекітусіз болмайды. Қайталау сабағынан басқа жинақтау, қорыту сабақтары бар. Мұның қайталау сабағынан айырмасы бірнеше бөлімді, ережелерді қамтып, ұқсас белгілері салыстырылып талданып, ең соңында жинақталады. Бұл бөлімдер бір сыныпта түгел қамтылмай, араларына біраз уақыт салып басқа сыныпта өтілуі мүмкін. Сабақтардың бұлайша бөлінуін белгілі дәрежеде шартты деп қарауға болады. Көп жағдайда бір сабақтың өзінде жаңа материал әр түрлі деңгейде түсіндіріледі, яғни бір-бірімен ұштаса береді. Бұл тұрғыда «таза» сабақ деген сирек болады. Сондықтан мұндай сабақты аралас сабақ деп атайды. Енді сабақ типтерінің құрылымдық элементтеріне және әрқайсына бөлінетін уақыт мөлшеріне (шамамен) тоқталамыз.

Жаңа материалды түсіндіру сабағының құрылымдық элементтеріне: тақырыпты хабарлау, мақсатын түсіндіру, өткен тақырыппен байланыстыру, жаңа материалды тыңдауға оқушыларды дайындау (5-8минөт), жаңа сабақты түсіндіру, талдау (10-15минөт), материалды бекіту (10-15минөт), үйге тапсырма беру (4минөт), сабақты қорыту (3минөт) жатады.

Дағды мен іскерлікті қалыптастыру сабағы. Бұл сабақ жаңа материалды өтіп болғаннан кейін жүргізіледі. Оның мақсаты – оқушылардың игерген теориялық білімдерін жетілдіру, толықтыру, соның негізінде дағды мен іскерлікті қалыптастыру. Оның басты ерекшеліктері: құрылымында жаңа материалды түсіндіру элементі болмайды, негізінен жаттығу жұмыстары орындалады. Уақыт мөлшері: үй тапсырмасын сұрау – 12минөт; сабақтың тақырыбын, мақсатын хабарлау – 5минөт; тапсырма бойынша оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі – 20минөт; үйге тапсырма беру – 4минөт; сабақты қорыту – 4минөт.

Қорыту, қайталау сабағы. Мұндай сабақтар тақырып немесе бөлімнен кейін жүргізіледі. Оның дидактикалық компоненттері: үй тапсырмасын сұрау, теориялық мәселелерді еске түсіру (10минөт); сабақтың мақсатын хабарлау, сыныпты жұмыс істеуге дайындау (4минөт); жаттығу жұмыстарын орындау (14минөт); жаттығуларды тексеру (5минөт); оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі (6минөт); үйге тапсырма беру, оны түсіндіру (3минөт); сабақты қорыту (3минөт).

Қазақ тілі сабағының қалыптасқан құрылымы болады: 1) жаңа материалды түсіндіру; 2) бекіту және қайталау мақсатымен жаттығу жүргізу; 3) үйге тапсырма; 4) үйге берілген тапсырманы тексеру; 5) оқушылардан сұрау; 6) бүкіл сынып оқушыларының білімдерін жаппай тексеру (бақылау). Сабақтың мұндай құрылымы көпшілік мектептің мол тәжірибесін жинақтаудың нәтижесінде теория мен практикаға негізделген, сыннан өткен жүйе болып табылады. Мысалы, мектеп тәжірибесінде мынадай құрылымдық жүйе де қалыптасқан:

ұйымдастыру кезеңі;

үй тапсырмасын тексеру;

оқушылардан сұрау (ауызша немесе жазбаша болуы мүмкін);

жаңа материалды түсіндіру;

материалды бекіту және қайталау;

үйге тапсырма беру.

Бұлардың бір-бірімен ұштасуы сабақтың түріне, мақсатына, материалына, жаттығуларға қарай (диктант, грамматикалық талдау, сөздік жұмысы) өзгеріп отырады. Әр сабақта бұл құрылымдағы бөліктердің бәрінің түгел болуы да міндет емес. Енді осы құрылымдардың мазмұнына тоқталамыз.

Ұйымдастыру кезеңі. Ол 1-1,5минөттен аспағаны дұрыс. Бұл кезеңнің басты мақсаты – сыныптағы оқушылардың зейінін ұйымдастыру. Мұғалім сабақты бірден бастамай, оқушылардың сабаққа қатысуына, сабаққа қажетті құрал-жабдықтардың дайындығына, бүгінгі сабақтың мақсатына т.т. мәселелерге көңіл бөледі. Сабақты үнемі бір тәсілмен, қалыпты сөйлемдермен бастау да оқушылардың сабаққа деген ынтасын төмендетеді. Сондықтан сабақты әр түрлі тәсілдермен (сұрақ қою, үй тапсырмасын сұрау, ережені еске түсіру, мысалдар келтіріп, ауызша талдау жасату, мақал-мәтел айтқызу, сабақтың мақсат-міндетін түсіндіру т.т.) бастау оқушылардың зейінін өзіне аударуға мүмкіндік жасайды.

Үй тапсырмасын тексеру – өте жауапты кезең. Оған арнайы уақыт бөлінеді. Кейде үй тапсырмасын жаңа сабақпен байланыстырып тексеруге (егер материалдар бір-бірімен байланысты болса) де болады. Үй тапсырмасын тексерудің мынадай формаларын пайдалануға болады: а) ішінара тексеру. Айталық жаттығудың бәрін оқытпай, тек тілдік құбылысты тапқызу; ә) оқушылардың өздеріне тексерту. Мысалы, дайын үлгілерді беріп, немесе орфографиялық сөздіктерге қарап орындаған жұмысын салыстыру арқылы, бір жағынан тапсырманың дұрыс-бұрыс орындалғандығын біледі, екінші жағынан ізденеді; б) бірінің жұмысын екіншісіне тексерту. Мұндай жағдайда оқушы тапсырманы дұрыс орындауға тырысады; в) диктант арқылы тексеру. Тапсырмаға ұқсас диктант алу (әсіресе орфограммалармен байланысты) арқылы үй жұмысының дұрыс орындалғанын салыстыруға болады.

Жаңа материалды түсіндіру кезеңі 2 түрлі қызмет атқарады: өткен материалды бекіте түсу және жаңа фактіні игерту. Жаңа материалды түсіндіруді мұғалім белгілі жоспар бойынша жүргізеді: логикалық жүйемен баяндау, жаңа ұғымдар мен ережелерді біртіндеп ашу, бұлардың әрқайсын оқушыларға түсінікті болу үшін нақты мысалдармен сипаттау. Жаңа материалды түсіндіру мазмұн жағынан терең де толық, ғылыми жағынан ұстамды, түрі жағынан қысқа, ашық, айқын болуға тиіс. Түсіндіру тартымды мысалдар мен көрнекі құралдар арқылы берілуі керек. Жаңа материалды игертуде мұғалім оқушылардың материалға қызығушылығын туғызуы тиіс. Бұл орайда проблемалы жағдаят жасаудың да маңызы зор. Мысалы, қазақ тілінде сөйлем мүшелерінің орын тәртібі тұрақты. Ал осы заңдылықтың сақталмай, сөйлем мүшелерінің орындарының ауысып келуіне мысалдар келтіріп, оқушылардан оның осылай қолданылып тұрғандығының себебін сұрауға болады. Оқушылар ойланады, шеше алмауы мүмкін. Яғни олардың материалға зейіні ауады, жауабын асыға күтеді. Оқушыларды жаңа сабақты тыңдауға дайындап алғаннан кейін, мәселенің түйіні шешіледі, негізгі ұғымдардың мәні ашылады. Соңында мұғалім оқушыларға игерген білімдерін тәжірибеде қолдануын талап ете алады. Мысалы, сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып мысалдар ойлатып, ережені қайталауға, бекітуге мүмкіндік жасалады. Әр сабақта проблемалы жағдаят жасау міндет емес (оқушыларды жалықтырады) және оған мүмкіндік те бола бермейді. Сондықтан теориялық материалдың практикалық тұрғыдан маңызын оқушылардың өздерінің түсінгендері дұрыс. Осы жерде бір ескеретін нәрсе, бағдарламадағы теориялық материалды (бір тақырып бойынша) қалай, қандай мөлшерде, яғни әр сабақ сайын беріп отыру немесе күрделендіріп (материалдың сипатына қарай) бір-екі сабаққа сыйғызып берген тиімді ме деген сұрақ туады. Көптеген мұғалімдер бір тақырыпты бірнеше бөлікке бөлмей, күрделендіріп беруді ұсынады. Оқу бірліктерін күрделендіріп берудің (П.М.Эрдниевтің идеясы) маңызы зор. Онда теориялық материал 1-2-сабақта лекция түрінде беріледі де, қалған сабақтарда сол тақырыпты бекіту, толықтыру, тереңдету, жүйелеу жұмыстары жүргізіледі. Сабақтың мақсатына қарай оның құрылымы, орындалатын жұмыстардың әр түрлілігі оқушыларды жалықтырмайды. Мысалы, «Сөзжасам» тақырыбына 5-сыныпта 10 сағат берілген. Осы 10 сағаттың екі сағаты теорияға (негізгі мәселе: сөзжасам туралы түсінік және туынды сөздің жасалуы) жеткілікті. Ал қалған 8 сағатта тақырыпты практикалық тұрғыдан толық меңгертуге болады. Атап айтқанда: 3-сабақты жаңғырту сабағы деп, онда тіл білімінің салалары қайталанса. Сөйлем беріліп, әр сөздің мағынасы ашылса, одан кейін ол сөзді қарасыратын тілдің салалары еске түсіріліп, олардың мүмкіндігінше ережелері айтылса (мұғалімнің көмегімен).4-сабақ семинар сабағы деп аталып, онда оқушылар алдын ала берілген тапсырмалармен жұмыс істесе. Тапсырмалар мынадай болуы мүмкін: 1. «Қазақ тілі» энциклопедиясынан, «Тіл білімі терминдері» сөздігінен сөзжасамның анықтамасын, жасалу жолдарын жазып келуді тапсыру. 2. Оқулықтағы ережені оқып, саналы түрде түсініп келуді тапсыру. Сыныпта әр оқушы өз түсінігін айтады, мұғалім олардың жауаптарына мән береді. Ойлау, сөйлеу, ойын жеткізу мәдениетіне көңіл бөледі, толықтырады, оқушылардың біліміндегі олқылықтың себебін іздеп, оны түзетудің жолдарын іздейді. Ал ондай жол – жаттығу жұмысы. Осыған байланысты 5-сабақ – талдау сабағы, 6-сабақ – бекіту (зертханалық сабақ дсе де болады, онда оқушылар сөзжасамдық талдау жасауға қалыптасады) сабағы, 7-сабақ жүйелеу, қорыту, қайталау сабағы, 8-сабақ сауаттылық сабағы немесе шығармашылық сабағы болып бөлінсе, әлдеқайда тиімді де қызықты болар еді. Өйткені 10 сағат бойы ережені айту, бекіту, жаттығу жасату бір сарында өтетіндіктен, оқушылардың қызығушылығы төмендейді.

Материалды бекітуде жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге қарай ұстанымын сақтау маңызды. Бекіту сабағын жоспарлағанда өтілген материалды қайталау, алған білімдерін тексеріп, жүйелеу мақсат етіледі. Оқушылардың білімін, іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруда бекіту сабағының маңызы зор. Сондықтан оқушыларға берілетін тапсырмалар мазмұны жағынан да, орындалу сипаты жағынан да әр түрлі болуы қажет. Сабақты бекіту мен қайталау бір емес. Бекіту әр тақырыпқа қатысты жүргізіліп отырады. Ал қайталау негізінен бірнеше тақырыпқа, бөлімге байланысты жүргізіледі. Мақсатына қарай қайталау: жаңа материалды түсінуге байланысты қайталау (мысалы, жаңа тақырыпты өтердің алдында оқушының тақырыпқа қатысты бұрынғы игергендерін қайталау), ілеспелі қайталау (белгілі бір тақырыпты өту барысында оны басқа тілдік құбылыспен салыстыру, немесе соған қатысты материалды еске түсіру), жинақтау, басында және оқу жылының аяғындағы қайталау болып бөлінеді.

Сабақты қорыту және үйге тапсырма берудің де өз ерекшеліктері болады. Бұл сабақта оқушылар бұрын алған білімдерін практика жүзінде қолдана отырып бекітеді, жинақтайды, жүйеге келтіреді, сөйтіп іскерлік пен дағдыға төселеді. Мұғалім сұрақ бере (ауызша да, жазбаша да) отырып, оқушылардың игерген білімдерінің деңгейін бақылайды, кемшін жерлеріне көңіл аударады, мысалдар келтіре отырып қайталайды, сабаққа жақсы қатысқан оқушыларды бағалайды.

Үйге тапсырма беру де – маңызды элемент. Берілген тапсырманың орындалу жолын мұғалім түсіндіреді, тақтаға жазып, оқушылардың түсінгенін қадағалайды. Жаттығудың оқушының мүмкіншілігіне сай болуына мән береді. Осыған орай тапсырмаларды 2-3 нұсқада (деңгейлеп) беруіне де болады.

Аралас сабақ. Барлық сабақ бөліктерінің шоғырланып, өзара үйлесуі. Бұл сабақ жаңа материалды өтуде де, бекітуде де, бақылау, бағалау сабағының бөліктерін қамтып, оқушылардың күнбе-күн дайындалып келіп отыруын қамтамассыз етеді.

Сабақты ұйымдастыру. Сабақты ұйымдастырудың негізгі үш түрі бар: жеке-дара жұмыс түрі, жаппай жұмыс түрі және топқа бөлінген жұмыс түрі.

1.Жеке-дара жұмыс түрі – оқушылардың өз бетінше арнайы іріктелген тапсырмаларды орындауы. Оқушылармен жеке жұмыс оқытудың бүкіл кезеңдерінде жүргізіліп отырады. Мұндай жұмыстар, әсіресе, бекіту, қайталау кезінде әр түрлі тапсырмалар беру. Бұл тапсырмалар сұрақтарға оқушы кітаппен жұмыс істеу нәтижесінде жауап беретіндей болуы немесе арнаулы үй тапсырмасы, шығарма, мазмұндама жазуы т.б. мүмкін. Мұнда нашар оқитын оқушылар үшін тапсырмалар жүйесін жасау қажет. Мысалы: даяр үлгі бойынша жаттығулар орындау, ережелерді, құбылыстарды түсіндіретіндей теориялық мағлұматтар түрінде тапсырма.

Оқушылармен жекелей жұмыс істеу жоспарының үлгісі. Оқушының тапсырманы орындай алатын мүмкіншілігін (алдын ала берілген жұмысты) өздігінен атқару жұмысы арқылы білу; қазақ тілі кабинетінде жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізетін дидактикалық құралдар жүйесін жасау; әр оқушының мүмкіндігіне орай тапсырмаларды анықтап, оның оқуы мен жетілуіне бақылау жасау жүйесін белгілеу; оқушының қабілетін жетілдіру мақсатында бүгінгі таңдағы оқу мүмкіндігінен жоғарырақ тапсырмалар беру; істелген жұмысқа талдау; жинақтау жасау.

Оқу жұмысын ұйымдастырудың жалпы түрі. Бұл – мұғалім мен оқушылардың сабақ кезіндегі ортақ әрекеті. Оқушыларға бір мезгілде бәріне ортақ жұмыстың түрін орындатады, алынған қорытындыларды сынып болып талқылап, салыстырады, жинақтайды. Олар ұжымдасып жұмыс істеуге үйренеді. Жұмыстың бұл түрінде мұғалімге үлкен жауапкершілік (барлығына ортақ шамасы келетін жұмыс табу, сөйлегісі келетіндердің бәрін тыңдай білу т.б.) жүктеледі. Оқу жұмысын жаппай ұйымдастыру, әсіресе жаңа материалды оқып үйрену кезінде, сондай-ақ оны бекіту кезінде тиімді.

Сабақты ұйымдастырудың топтық түрінің негізгі белгілері мыналар: 1) нақты оқу міндеттерін атқару үшін белгілі бір сыныпта сынып бірнеше топқа бөлінеді; 2) әр топ белгілі бір тапсырмалар алып, орталарынан сайланған оқушының, не мұғалімнің жетекшілігімен өзара ақылдасып отырып орындайды; 3) тапсырмаларды орындауда топтың ішінде әр мүшесінің қаншалық белсенділік көрсеткені ескеріліп, бағаланады; 4) топ құрамы тұрақсыз болады, ол топтың әрбір мүшесінің оқу мүмкіндігін барынша шешуге атсалысатындығы тұрғысынан таңдалады. Әрбір мүше жұмыстың өзіне тиісті бөлігін дербес орындайды, қорытындысында талқыланып, жинақталады. Мұндай жұмыс кезінде топ мүшелері бір-біріне жәрдемдеседі.

Сабаққа қойылатын талаптар. Сабақ – білім берудің негізгі формасы, оқу үрдісінің бір бөлшегі, педагогикалық шығарма. Мұндағы басты тұлға – мұғалім. Сондықтан сабақтың сапасы, ең алдымен, мұғалімнің теориялық дайындығына, әдістемелік шеберлігіне байланысты. Яғни мұғалім сабақтың механизмін: сабақтың мақсатын, оған қойылатын талаптарды, құрылымдық элементтерін, типтері мен түрлерін, бағдарлама, оқулық, оның құрылымын, жоспардың түрлерін т.б. білуі тиіс. Осыған орай мектепте өтілетін әр сабаққа жалпыдидактикалық және әдістемелік талаптар қойылады. Жалпыдидактикалық талаптарға:

Әрбір сабақтың дидактикалық және тәрбиелік мақсаттарын дұрыс анықтау, соған сәйкес сабақтың түрін, типін белгілеп, оның құрылымын ойластырып негіздеу;

Сабақ бағдарлама талаптарына және оқушылардың мүмкіншілігіне сай құрылуы;

Сабақ жоспарлы түрде жүргізілуі;

Сабақ белгілі бір қарқынмен (өте жылдам да, өте баяу да емес) өтілуі;

Мұғалім сабақтың құрылымын бөліктерге дұрыс бөлуі;

Мұғалім дауысының жағымды, сөздері айқын, мәнерлі болуы;

Сыныппен тығыз қарым-қатынаста болу;

Тақта мен көрнекі құралдарды дұрыс пайдалана алу;

Мұғалімнің педагогтік этикасы жатады.

Ал әдістемелік талаптарға: материалды жақсы білу, онымен дұрыс жұмыс істей алу. Атап айтқанда: тақырыпты дұрыс қоя білу, оның сабақтар жүйесіндегі маңызын белгілеу; сабақты бұрын және өтілетін сабақтармен байланыстырып отыру; материалды жүйелі жеткізе алу, материалдың сипатына қарай дидактикалық ұстанымдар мен әдіс-тәсілдерді барынша сұрыптап қолдану, соған орай сабақты түрлендіріп өткізу; проблемалық жағдаяттар жасай білу, оқушыларды ойландыратын, іздендіретін жаттығу жұмыстарын таңдай білу, оқулықпен жұмыс істей білу; оқылған материалды қайталау мен бекітудің жүйесін ұйымдастыру; үй тапсырмасын тексеру; тіл дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізе білу, оқушылардың сөйлеу мәдениетіне көңіл бөлу т.т.

Сабаққа дайындалу мен ұйымдастыруға қойылатын талаптар. Оқушылардың денсаулығын қорғауды қамтамассыз ету; әрбір сабаққа дайындалу белгілі тақырып бойынша сабақтар жүйесін жоспарлау; әр сабаққа қажетіне қарай көрнекілік және дидактикалық материал, оқытудың техникалық құралдарын дайындау; сабақ кезінде оқушылардың білімді өз бетімен алуына мүмкіндік туғызу.

Сабақ мазмұнына қойылатын талаптар. Сабақтың білім берумен қатар тәрбиелік және дамытушылық жағына көңіл аударылады; дидактикалық ұстанымдардан туындайтын талаптар қатаң ескеріледі; оқушының шығармашылық ізденуіне жағдай жасаған жөн; оқу үрдісі негізінде мақсатқа жету үшін табандылыққа баулу, ұжымда ұстанымды, шыдамды болуға тәрбиелеу қажет.

Сабақты өткізу техникасына қойылатын талаптар. Сабақ баланы қызықтырып, білімге құмарлығын арттыруы керек; сабақтың қарқыны бір қалыпты жүруі тиіс; сабақты мұғалім мен оқушылар арасында толық үйлесімділік, түсінушілік болғаны жөн; сабақтың өне бойында оқушылар жұмыс істейтін болсын.

Мұғалім әр сабаққа жан-жақты дайындалатыны белгілі. Дайындық жұмысы сабақты жоспарлаудан басталады. Оқыту үрдісінде сабақты жоспарлау, біріншіден, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға, екіншіден, пәнді оқытудың болашағын болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақ тілі сабағының жоспары материалды өтудің жүйелілігін, бірізділігін, өткен және кейін өтілетін сабақтармен байланысын қамтамассыз етеді. Мектеп тәжірибесінде оқу үрдісінің бірліктеріне қарай жоспарлаудың 3 түрі бар: жылдық немесе күнпарақтық жоспар, тақырыптық жоспар және жеке сабақ жоспары.

Жылдық жоспар. Жоспардың бұл түрі бағдарлама материалын тоқсанға және айларға дұрыс бөлудің үлгісі болады. Мұнда, әдетте, бағдарлама бөлімдерінің тізімі мен әр бөлімге арналған сағат мөлшері, өтілетін тоқсаны мен айлары көрсетіледі. Бағдарламаның әр бөлімін өту үшін белгілі мөлшерде оқу сағаты белгіленеді. Оқу жылының сағаты бағдарлама материалына сәйкес алынып, оны алдын ала бөлуге, материалды өтуде артта қалуға немесе озып кетпеуге мүмкіндік жасайды. Бірінші жағдайда, яғни артта қалса, бағдарлама материалының біразы өтілмей қалады, озып кетсе ол материалды оқушылар жөнді игере алмайды. Жылдық (күнпарақтық кейде күнтізбелік деп те аталып жүр) жоспар жоспарлаудың жалпы түрі ретінде көптеген мектептер үшін біркелкі болып келеді. Оны жасауда каникул уақыты, апталық сағат саны ескеріледі. Оның құрылымы мынадай:

реті

Бағдарлама

Тақырыптары

Сағат саны

Өтілетін

мерзімі

1

Бірінші тоқсан

Тақырыптық жоспар оқу-тәрбие үрдісінің танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсатын сабақ арқылы іске асырудың тиімді жолдарын айқындауға, мұғалімге белгілі бір тақырып бойынша жұмысты тұтас қамтып, оның негізгі жетекші арқауын көре білуге, оқу үрдісінде әр сабақтың орнын, мақсатын, мазмұнын және оқыту әдісін анықтауға мүмкіндік береді. Жоспардың бұл түрі мұғалімге тақырыпты толық ашуға, тіл дамытуға, дағды мен іскерлікті, оқушылардың сауаттылығын қалыптастыруға, оқушылармен жеке жұмыс жасауға жағдай жасайды. Тақырыптық жоспардың тиімді жасалуы үшін мұғалім оқушының нені білуі, меңгеруі, қандай дағды мен іскерліктің қалыптасатынын білуі қажет. Осыған орай жоспар жасардың алдында мұғалім пәннің бағдарламасы, оның кіріспе бөлімімен толық танысып, қандай дидактикалық міндеттердің, тәрбиелік, танымдық мақсаттардың орындалуы керектігін білуі тиіс. Тақырыптық жоспар жасауда белгілі дидакт М.И.Махмутовтың сызбасы өте тиімді және толық деп бағаланады. Оның құрылымы мынадай:

Тақырып:

Сабақтың мақсаты:

Сабақтың типі:

Оқыту әдістері:

Қажетті жабдықтар:

Тексеру формасы:

Білімді жаңғырту

Тірек білімі:

Өз бетімен орындайтын жұмыстың түрі:

Жаңа ұғымды қалыптастыру

Жаңа ұғымдар және әрекеттің амалы

Негізгі және қосымша мәселелер мен өз бетімен орындайтын жұмыстар

Іскерлік пен дағды қалыптастыру

Өз бетімен орындайтын жұмыстар

Пәнаралық байланыс

Үйге тапсырма беру

Қайталау (материалдың көлемі)

Өз бетімен орындайтын жұмыстардың түрлері

Сабақтың тақырыбы бағдарламада беріледі. Мұғалімнің негізгі көңіл бөлетіні – сабақтың мақсатын айқындау. Өйткені сабақ алдымен мақсатты айқындаудан, одан кейін мақсатына жетуге қажетті құрал-жабдықтарын нақтылаудан және тақырыпты жеткізудің әдіс-тәсілін белгілеуден басталатыны белгілі. Мақсат дегеніміз не? Мақсат дегеніміз – алдын ала жоспарланған нәтижеге жету. Оған жету үшін үш түрлі дидактикалық міндетті шешу керек. Атап айтқанда: сабақтың тақырыбына қатысты оқушының игерген білім, дағды, іскерлігін жаңғырту; оқушыға жаңа ұғымды игерту; білім, дағды, іскерлігін, оларды тәжірибеде қолдану іскерлігін, әрекет ету жолын ұйымдастыру. Сабақтың типі мен оқыту әдістері сабақтың дидактикалық мақсатына қарай айқындалады.

Сабақ жоспары. Ол – мұғалімнің күнделікті пайдаланатын жұмыс жоспары. Оны жасаудың алдында мақсатты анықтап алу керек. Сонымен қатар сол сабақтың бұрын өткен және алда өтетін сабақтар арасындағы орны; жаңа материалды түсіндіру мен өткенді бекіту әдіс-тәсілдеріне қатысты нақты материалдар сұрыптау; сабақта жасалатын қорытындыны ретке келтіру; дидактикалық материал мен көрнекі құралдардың қайсысын қолдану тиімді екендігін анықтау; сабақта кітаппен жұмыс жүргізу; грамматиканы оқыту мен тіл ұстарту жұмысын ұштастыру; синтаксис пен морфологияны оқып үйренуде оларды өзара байланыстыру; үй тапсырмасын анықтау; үйге берілетін тапсырманы тексеру; оқушылардан сұрау т.б. көрсетіледі. Сабақ жоспары белгілі дәрежеде мұғалімнің күнделігі болып есептеледі. Онда жұмыстың барлық кезеңдері мен мазмұны көрсетіледі. Сабақ жоспарын әр түрлі етіп жасауға болады. Мәселен жұптап жазу – сипаттама түрінде, схема немесе график түрінде. Осыған орай мұғалім ең алдымен мына мәселелерге көңіл бөлуі қажет: а) сабақтың тақырыбы мен материалдың көлемін анықтау; ә) тақырыпқа қатысты теориялық материалмен танысу, жаттығуға қажетті тілдік материалдар жинау. Тілдік материалдар жинағанда мұғалім әдеби тілдің нормасына сай, әр алуан стильге жататын мысалдарды таңдағаны дұрыс. Мысалдарды әр жерден үзіп-үзіп алмай, тәрбиелік, танымдық маңызы бар мәтінмен берген тиімді. Оқушыларға берілетін мысалдар негізінен көркем әдебиеттен, өздері оқитын әдебиеттің хрестоматиясынан, ғылыми-көпшілікке арналған әдебиеттерден алынғаны дұрыс. Мысалдар оқушылардың жас ерекшелігіне сай болғаны тиімді. Сабақ жоспарын жасауда, ең алдымен, сабақтың мақсаты, сұрақтың түрлері (оқушылардың білімін тексеру мен үй тапсырмасын сұрауда, жаңа татериалды бекітуде, қайталауда), жаңа материалды түсіндірудің әдістері мен тәсілдері (лекция, әңгіме, баяндау т.т.), материалды жүйелеу, қорыту амалдары, арнайы сұрайтын оқушыларды белгілеу, үй тапсырмасы т.т. ескеріледі. Сабақ жоспары график, сызба, конспекті түрінде болуы мүмкін. График пен сызба сабақтың белгілі бір кезеңіне ғана пайдаланылады, ал конспекті сабақтың өту барысын толық сипаттайтындықтан, негізінен мектептерде осы нұсқа қалыптасқан.

Сабақ жоспары

Тақырыбы

Мақсаттары:

Білімдік – тақырыптың мазмұнын, ғылыми негізін меңгеру.

Дамыту – тақырып мазмұны негізінде оқушылардың өзіндік ойлау мәдениетін дамыту.

Тәрбиелік – сабақ мазмұны, дидактикалық материалдар арқылы: оқушыларға адамгершілік, ақыл-ой, еңбек, эстетикалық, патриоттық т.т. тәрбие беру.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер:

Тақырыптың сипатына қарай:

Әдістер: баяндау, әңгіме, жаттығу, оқулықпен жұмыс, талдау.

Тәсілдер: көрнекілік, салыстыру, анализ-синтез, индукция-дедукция, техникалық құралдар.

Тіл дамыту:

Тақырыптың мазмұнын ашатын дидактикалық материал арқылы оқушының ауызша және жазбаша тілін дамыту; орфоэпиялық сөздік жұмысы; сөйлем құратып үйрету, бұл үшін суретті, картинаны пайдалану.

Бекіту:

Жаңа материалға сәйкес жаттығулар орындау арқылы;

ереже, анықтаманы мысал келтіре пелдеу арқылы; шығармашылық жұмыстар арқылы т.т.

Үй тапсырмасы:

- оқулық параграфын тақтаға жазу;

- жаттығу тапсырмасын оқытып, талдау үлгісін көрсету;

- тапсырманың мақсатын, орындалу жолын, түсінген-түсінбегенін сұрау;

- күнделіктеріне жазғызу.

Оқушының білімін бағалау:

Өткен материалды білуі және үй тапсырмасын орындау дәрежесі.

Жаңа материалды меңгеруде белсенділік көрсетуі.

Бекіту кезінде анықтаманы дұрыс айтып, мысалмен дәлелдеуі немесе мысал арқылы анықтама беруі.

Білімді бағалау.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

Қазіргі қазақ тілі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, сол тақырыпқа байланысты ғылыми еңбектер, дидактикалық материалдар.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Сыныпты сабаққа дайындау.

Өткен материалды сұрау. Тапсырманың орындалуын тексеріп шығу, орындамағандардың себебін білу.

Жаңа материалды баяндау.

Жаттығу жұмысы.

Тіл дамыту, ойын элементтерін енгізу, суретке қарап сөз, сөйлем құрастыру.

Оқулықпен жұмыс.

Үй тапсырмасы.

Бекіту.

Бағалау.

Сабақтың барысында мұғалімнің 45 минөт істейтін жұмысының мазмұны толық көрсетіледі.

Сабақ жоспары – сабақты тиімді өткізудің, мұғалімнің ойын іске асырудың құралы, шығармашылық ізденістің басы. Сабақтың нәтижелі болуы тек мұғалімнің дайындығына ғана байланысты емес, оқушылардың да көңіл-күйіне, дайындығына қатысты. Осыған орай оқушыларды келесі сабаққа дайындау: сабақтың жоспарымен таныстыру, қосымша еңбектерді оқу, мысалдар жинау сияқты тапсырмалар берудің де артықтығы жоқ. Мұндай жұмыстар оқушының жаңа сабаққа белсенді қатысуын, материалдың мазмұнына байланысты мұғалімнің ойына ілесіп, түсініп отыруын қамтамассыз етеді.

Келешек мұғалімдердің өзінің және әріптесінің сабақтарына талдау және оны бағалау жолдарын білуі де өте қажет. Сабақтың сапасы мен тиімділігі мұғалімнің өзінің және әріптестерінің жетістігі мен кемшілігін көре білу, оған талдау жасай білу қабілетімен де байланысты. Мұғалімнің өз сабағын талдай білуі – мамандығын жетілдіруінің тиімді жолы. Педагогикада өзін-өзі бағалаудың, өз сабағына талдау жасаудың бірнеше жолы көрсетіледі. Солардың ішінен ғалым Т.А.Ильинаның межесін негізге аламыз. Т.А.Ильина өзін-өзі талдаудың, бағалаудың 10 түрлі межесін айқындайды. Осыған орай әр мұғалім мына мәселелерге көңіл бөлулері керек:

Сабақтың жалпы құрылымы. Сабақтың типі қандай және оның басқа сабақ типтерінен ерекшелігі неде? Сабақтың құрылымдық элементтері анық айқындалған ба, уақыт мөлшері оған сай ма?

Сабақтың дидактикалық мақсатының орындалуы. Тақырып толық ашылды ма? Жаңа материалмен танысқанда оқушылар белсенділік көрсетті ме? Жаңа материалдың жоспары дұрыс жасалды ма? Материал құрылымдық блокқа дұрыс бөлінді ме? Мұғалімнің соған сай теориялық білімі болды ма? Нені өзгерту керек ед? Бірінші бекіту жасалды ма? Оқушылардың білімі мен біліктілігін тексеру қалай жүргізілді? Оқушыларға деңгейлік тұрғыдан көңіл бөлінді ме? Егер бөлінсе, сабақтың қай жерінде және қалай?

Оқу арқылы оқушыларды дамыту. Оқушылардың ақыл-ойын дамытуға (анализ, синтез, салыстыру жіктеу, жүйелеу) көңіл бөлінді ме? Қиын тапсырмалар берілді ме? Оқушылардың интеллектуалды қиналыс сезімін ояту мотивтері болды ма? Танымдық-шығармашылық жұмыстар жасалды ма? Пәнаралық айланыс болды ма? Оқушылардың шығармашылық дамуына жағдай жасалды ма? Эстетикалық дамуына көңіл бөлінді ме? Бөлінсе, қандай амалдар қолданылды?

Сабақ арқылы оқушыларды тәрбиелеу. Оқу материалының тәрбиелік мүмкіншілігі толық ашылды ма? Дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыру үшін қандай жұмыстар жүргізілді? Оқушылардың наным, сенімін, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыру мүмкіндігі болды ма? Сабақтың өмірмен байланысы қалай іске асырылды? Бағалаудың тәрбиелік мәні болды ма? Мұғалімнің өз басының тәрбиелік әсері қандай болды?

Дидактика ұстанымдарының сақталуы. Дидактикалық ұстанымдарды іске асыруда оқушы мен мұғалімнің әрекеті дұрыс ұйымдастырылды ма? Өз бетімен орындайтын жұмыстар: көлемі, ауыр – жеңілдігі жағынан қалай берілді? Оқушылар өз бетімен жұмыс істей алды ма?

Оқытудың әдістерін таңдау. Жаңа материалды түсіндіруде әдіс дұрыс таңдалды ма? Техникалық құралдар пайдаланылды ма? Мақсат орындалды ма? Теориялық материалдыбекіту әдістері дұрыс таңдалды ма? Оқушылардың игерген білімдерін тексеру әдістері дұрыс таңдалды ма? Сұрақ дұрыс қойылды ма? Жазбаша тексеру сәтті болды ма? Қатемен жұмыс әдістемесі дұрыс ұйымдастырылды ма? Әдіс таңдауда сабақтың мақсатына көңіл бөлінді ме? Қандай әдіс тиімді болды?

Мұғалімнің сабақтағы жұмысы. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтар толық болды ма? Конспектіні дұрыс пайдаланды ма? Мұғалімнің ұйымдастыру әрекеті мен оқушылардың танымдық әрекетінің арасында байланыс болды ма? Мұғалімнің әрекеті (сөйлеу, тыңдау, жазу, оқушыларға көмек) қандай болды? Оқушыларды ұйымдастыруда қандай тәсілдер қолданылды? Сыныппен, жекелеген оқушылармен байланыс болды ма? Мұғалімнің сырт бейнесі қандай болды?

Оқушылардың жұмысы. Оқушылар сабаққа дайын болды ма? Сабақтың әр кезеңінде оқушылардың белсенділігі бірдей болды ма? Егер болмаса, себебі неде? Оқушылардың тәртібі, жұмыс істеу ынтасы қандай болды? Сабақ мақсатына жетті ме? Қандай нәтижеге (оқушылар) қол жетті? Оқушылардың пәнге, мұғалімге көзқарасы қандай?

Сабақтағы гигиеналық жағдай? Саныптың жарықтығы, сырларының түсі, жиһаздары, сабақ кестесі, үзіліс уақыты т.т. талапқа сай ма?

Арнайы міндеттер. Оған ғылыми-тәжірибе жасау жұмыстары жатады. Міне, осы аталған межелер орындалғанда сабақты сапалы өткізуге толық мүмкіндік жасалады және мұғалім де өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Болашақ мұғалімдердің ескеретін маңызды бір мәселесі – оқушылардың білімі мен біліктілігін бағалау. Оқушылардың білімін бағалау нормалары пәннің бағдарламасында беріледі. Сол нормалар қандай негізгі сүйенетіндігін мұғалім білуі тиіс. Осыған орай оқушыны бағалауда мынадай нәтиже ескерілуі керек:

Білім қалыптасуының көрсеткіші.

Ұғымдарды меңгеру;

- тілдік ұғымдарды танып-білу және соған сай анықтамасын айта алу;

- тілдік ерекшеліктеріне сипаттама бере алу;

- тілдік ұғымды қарастыратын тілдің саласын айта білу;

- тілдік құбылысқа мысалдар келтіре білу?

- тілдік құбылысты тілдің басқа салаларымен байланыстыра алу.

Мысалы, түбір морфема сөзжасамның да морфологияның да қарастыратын нысаны екенін білуі.

Іскерлік пен дағды қалыптасуының көрсеткіші. Іскерлік пен дағды қалыптасуын тексеру әр тақырыптан кейін және бөлімнен кейін жүргізіледі. Тексеру тәсілі 3-ке бөлінеді: 1) тілдік құбылысты танып-білу іскерлігін тексеру әдісі. 2)орфографиялық, пунктуациялық іскерлігін тексеру әдісі. 3) сөйлеу, өз ойын жеткізе білу іскерлігі мен дағдысын тексеру әдісі.

Оқушының қалыптасқан білімі мен біліктілігін тексерудің өзіне тән әдістері болатыны белгілі. Дидактика ғылымында ондай әдістер: ауызша тексеру әдістері, жазбаша тексеру әдістері, практикалық тексеру әдістері, дидактикалық тест және бақылау делініп бөлінеді. Ауызша тексеру әдісінің тәсілдері: әңгіме, оқушының жауабы, түсіндіру, технологиялық карта, сызбалар т.т. Жазбаша тексеру тәсілдеріне: мазмұндама, бақылау жұмысы, шығарма, реферат т.т. жатады. Практикалық тексеру әдістері негізінен кәсіби білім беру орындарында қолданылады. Мысалы, зертханалық жұмыстар жасау, құрал-жабдықтар дайындау т.т. Оқушыны оқыту үрдісінің әр түрлі жағдаятында қадағалап, бақылап отыру оның білім деңгейі, танымдық белсенділігі, шығармашылық ойлауы, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстауы, шешім қабылдауы, ұжыммен қарым-қатынасы т.т. туралы толық ьілуге мүмкіндік жасайды. Дидактикалық тест – оқушының игерген білімінің нәтижесін анықтаудың тиімді жолы.

← Предыдущая
Страница 1
Следующая →

Описание к данному материалу отсутствует

У нас самая большая информационная база в рунете, поэтому Вы всегда можете найти походите запросы

Искать ещё по теме...

Похожие материалы:

Сохранить?

Пропустить...

Введите код

Ok