Сақ мәдениеті

Территория рекламы

1.Сақ мәдениеті — ерте темір дәуірінде Қазақстан мен оған жапсарлас өлкелерді мекендеген тайпалар қалдырған археологиялық ескерткіштер жиынтығы. Бұл тайпалардың тарихы бізге сақ атауы негізінде көне парсы және грек жазба деректерінен жеткен. Археологиялық зерттеулер Қазақстандағы Сақ мәдениеті жөнінде (б.з.б. 7 — 3 ғ-лар) неғұрлым толығырақ деректер береді. 1930 жылдардың соңында басталған зерттеу жұмыстары іс жүзінде 1946 жылдан кейін ғана кеңінен өрістеді. Жетісу, Төменгі Сырдария, Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда Сақ мәдениеті ескерткіштері ашылды, көптеген қорымдар, ғұрыптық орындар, т.б. жәдігерлер қазылып, зерттелді. Жетісудағы Есік (Алтын адам) Бесшатыр обалары мен көптеген көмбелер, Сырдың төменгі ағысындағы Үйғарақ қорымы, Орталық және Солтүстік Қазақстандағы Тасмола мәдениетінің обалары, Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті қорымдары, т.б. көптеген нысандар көне сақтардың тамаша ескерткіштері ретінде танымал. Кең байтақ аумақтарға тарағандықтан, әр өлкенің мәдениетін зерттеудің өзіндік жүйелері қалыптасқан.

Олардың жерлеу ғұрпы, мүліктік мәдениеттегі жергілікті ерекшеліктері мен өзара жақындығы да анықтала бастады. Беріге дейін сақтар тек қана бақташы, көшпелі тайпалар болған деген ескі көзқарастың әсерімен көп уақыт бойы бұлардың отырықшы орындары, яғни қоныстық мекендері зерттеулер аясынан тыс қалған. Ондаған жылдар бойы зерттелген жерлеу ескерткіштерімен (обалар) қатар, қазір жер-жерлерде сақ дәуірінің көптеген қоныстары да ашылды.

Талғар өңірінде ашылған 50-ге жуық қоныстың деректері мұнда сақ тайпалары егіншілікті де кеңінен өрістеткенін көрсетті. Қарқаралы өңіріндегі Қарақуыс, Едірей тауларымаңынан табылған 20-дан астам сақ қоныстары осы пікірді дәлелдей түседі. Мұндағы беткейлерде тау ықтасындарында орналасқан қоныстар кейінгі қазақ қыстауларына топографиялық тұрғыдан өте жақын орналасқан.

Қазбалар барысында көптеп табылған тас кетпендер мен дәнүккіштер Орталық Қазақстан сақтары егіншіліктің қыстақ маңында орналасқан түрін ұстанған деген пікірді негіздеді. Сақ ескерткіштерін зерттеуде әлемдік ғылымның бүгінгі қол жеткен әдіс-тәсілдерін қолданудың маңызы зор. Қазақ Алтайынан ашылып отырған Берел обаларындағы жасанды тоң қабатында сақталған жылқы денелері, шірімей жеткен ағаш бұйымдар, сондай-ақ бальзамдалған адам мәйітін зерттеу маңызды мәліметтер береді. Сақ мәдениеті ескерткіштерін тек зерттеу ғана емес, оларды сақтап қалу, қалпына келтіру мен консервациялау, музейлендіру шаралары қолға алынды. Б.з.б. 7 — 6 ғ-ларда қалыптасқан сақ өнерінің хайуанаттық нақышы дүниежүзілік адамзат өркениетінің тамаша жетістіктеріне жатады. Осындай атаумен белгілі болып отырған сақ қолданбалы өнерінің бұйымдары Қазақстанда, Сібір, Орталық Азия өлкелерінде, Еуропаның оңтүстігінде кеңінен тараған. Нақыштың негізгі құрамын жыртқыш аңдар мен басқадай жануарлар, сондай-ақ мифол. зооморфтық құбыжықтар түрінде жасалған бейнелер түзеді. Бұлар жекелеген бұйымдар немесе бұйымдар мен беттердегі бейнелер, аралас тұрған күрделі композициялар арқылы беріледі. Мазмұны бойынша мифологиялық, пішімі бойынша реалистік деп атауға болатын хайуанаттық нақышты қолдану бағыты бойынша декоративтік өнер болып табылады. Хайуанаттық нақыш дәстүрімен берілген қолдану тәсілдері көбіне металл қазандар мен құрбандық ыдыстарды, қанжарлар мен семсерлерді, қорамсақтар мен айбалталарды, ат әбзелдері мен айналарды, сондай-ақ тулар мен түрлі киімдерді әшекейлеуде пайдаланылған. Табиғат аясын ерекше құрметтеп, оны астарлы мағынада қабылдай білген сақтар арқар, таутеке, жолбарыс, қабан, бұғы, марал, түйе, жылқы, бұлан,бүркіт, сайғақ, қасқыр, қоян сияқты жануарлардың өздеріне етене таныс тұлғаларын тамаша шеберлікпен бейнелеген. Бізге жеткен бұйымдар, ең алдымен, қола, алтынсияқты металдардан, ішінара сүйек, мүйіз, темірден жасалған. Ағаш, тері, киізден жасалған аң бейнелері де бар.

Ғалымдар хайуанаттық нақыштың даму барысын үш кезеңге бөледі.

Ерте кезеңге (б.з.б. 8 — 7 ғ-лар) тән маңызды белгілерге жануарлардың қозғалыссыз немесе басын бұрып тұрған (түрегеп тұрған немесе жатқан) сәтте берілуі жатады.

Екінші кезеңде (б.з.б. 6 — 4 ғ-лар) хайуанаттық нақыш стилистик. қайта қалыптасуды бастан кешіреді. Статик., яғни қозғалыссыз, көбіне жалғыз тұрған бейнелердің орнына динамикаға толы бейнелер, олардың күрделі топтамалары келеді. Жануарлардың өзара айқасы немесе жырқыштардың шабуылы, әсіресе денесі бұралып берілген бейнелер осы кезеңге тән.

Үшінші кезеңде (б.з.б. 3 — 2 ғ-лар) өнердің дамуында саябырлау мен құлдырау байқалады. Хайуанаттық нақыш бірте-бірте ою-өрнекке айналған. Оның орнына атақты ғұн дәуірінің ескерткіштері келген.

Тарих, археология ғылымдарында сақтардың хайуанаттық нақышының шығу тегіне байланысты екі түрлі пікір бар.

С.Руденко, М.Артомонов сияқты ғалымдар бұл өнер, ең алдымен, Алдыңғы Азиядан бастау алған, оның сақтар арасында қалыптасуына сақтардың б.з.б. 7 ғ-да Алдыңғы Азияға (Мидия) жорық жасауы әсер еткен десе,

К.Ақышев, С.Киселев, С.Черников, т.б. зерттеушілер Алдыңғы Азия өнерінің сақтарға ықпалы болғанымен, бұл ықпал б.з.б. 6 ғ-дың соңына таман, ахемен әулеті дәуірі тұсында бой көрсеткенін айтады (дәл осы кезде сақтарға мүлдем тән емес арыстан, фантастикалық арыстан-грифон, ортада қасиетті ағаш немесе құдай бейнесі бар геральдик. композициялар, лотос түйіні немесе оның гүлі араласқан өсімдік оюлар расында да пайда болады). Олар хайуанаттық нақыштың шығу тегі жергілікті ортамен, далалық тайпалардың соңғы қола дәуіріндегі мәдениетімен байланысты деп санайды.

Сақ мәдениеті дәуірінен жеткен сәнді бұйымдардағы асқақ дүниетанымдық рухта берілген бейнелер мен әшекейлер Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінде, бүгінгі өнерде, ел өмірінің басқа да салаларында қолданылады. Ғылымда С. м-нің мемл. қалыптасу деңгейінде тұрғандығы жайлы мәселе айқындалып келеді. Есік обасынантабылған тостағандағы жазу сақтардың әліпби қолданғандығынан хабардар етеді. Сақ мәдениетіне байланысты “Далалық өркениет” деген ғылыми ұғым тарих,археология салаларында кеңінен қалыптасты.

2.Тасмола мәдениеті - Орталық және Солтүстік Қазақстан өлкелерінде ерте темір дәуірінде өркендеген. 1930 ж. белгілі болғанымен, негізгі зерттеу жұмыстары Орт. Қазақстанда 1946 жылдан кейін басталды.

Төрт негізгі кезеңнен тұратын зерттеулердің алғашқы сатысы 1946 – 59 жылдарды қамтиды. Осы кезде Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ұйымдастырушысы әрі жетек. Ә.Марғұлан мен оның шәкірті М.Қадырбаев Қарағанды облысының Ұлытау, Шет, Ақтоғай өлкелеріндегі Тоғызбайкөл, Қарабие, Қарасай,Қанаттас, Толағай, Елшібек, Киіксу сияқты зираттарға қазба жұмыстарын жүргізіп, ескерткіштердің жалпы сипаты, жерлеу ғұрпының ерекшеліктері мен заттық мәдениетке байланысты нақты деректердің алғашқы тобын жинады. Осы өңірлерде басқа жерде кездеспейтін “мұртты обалар” сияқты айрықша ескерткіш түрлері бар екенін байқаған ғалымдар Сарыарқада бұған дейін беймәлім жаңа мәдениет белгілері табылуы мүмкін екенін пайымдады.

1958 – 68 ж. жүргізілген екінші кезеңде Қарқаралы, Балқаш, Шідерті өлкелерінде көптеген жаңа зираттар зерттеліп, көлемді деректер алынды, аса маңызды қорытындылар жасалынды.

1957 жылдан бастап Орт. Қазақстан экспед. құрамында ерте темір дәуірін зерттеушілердің жеке тобын басқарған Қадырбаевтың 1959 – 63 ж. Павлодар облысы Екібастұз ауданындағы Шідерті өзені бойындағы Тасмола-1, -2, -3, -5, -6, Қарамұрын-1, -2, Нұрмамбет-1, -2, -4 зираттарында жүргізген қазбалары шешуші нәтижелер берді. Жинақталған материалды қорытындылай келе Қадырбаев 1966 ж. Сарыарқада сақ заманында гүлденген жаңа археол. мәдениетті жариялап, оны Шідерті бойындағы аса құнды деректер берген Тасмола алқабының атымен байланыстыра, Тасмола мәдениеті деп атады.

1970 – 99 ж. 3-кезеңнің жұмыстары атқарылды. Осы жылдары Тасмола мәдениетінің таралу ауқымы анағұрлым кеңейтілді, жаңа өлкелердің жәдігерлері ғыл. айналымға түсті.

1994 ж. М.Хабдулина Солт. Қазақстандағы, яғни Көкшетау қыраты, Есіл өз. бойындағы обаларды зерттеу нәтижелерін қорытындылап, ұлыбай-тасмола мәдениетін ашты және де оның үлкен Тасмола мәдениетінің солт. өлкелеріндегі жалғасы екенін атап көрсетті. Сарыарқа археол. экспед. (жетек. А.Бейсенов) далалық зерттеулері барысында (2000 жылдан) Қарқаралы өңірінен ерте темір дәуірінің Едірей, Керегетас, Сарыбұйрат, Қызылсүйір сияқты жалпы саны 20-дан астам қоныстың, сондай-ақЕсіл археол. экспед. (жетек. Хабдулина) тарапынан Сілеті өз. маңындағы Тасқора-1, -2 қоныстары ашылды. Қазіргі сипаттамалар бойынша Тасмола мәдениетінің негізгі ескерткіштері түріне обалар, “мұртты обалар”, қоныстар, кен орындары, петроглифтер жатады. Қоныстарға байланысты мүлдем тың деректер ғылыми айналымға жаңадан еніп отырғандықтан, Тасмола мәдениетін сипаттауда осыған дейін тек жерлеу ескерткіштері, яғни обалар басты орында болып келді. Жалпы саны 180-ге жуық жерлеу ескерткіштерінің деректері бойынша қалыптасқан ішкі кезеңдемесі бойынша Тасмола мәдениеті бірін-бірі алмастыратын үш хронол. сатылардан тұрады: 1 саты (б.з.б. 7 – 6 ғ.), 2 саты (б.з.б. 5 – 4 ғ.) және ерекше топтың жәдігерлерін біріктіретін 3 саты (б.з.б. 3 – 1 ғ.). Алдыңғы екі сатының мәдени ерекшеліктері бір-біріне өте жақын болғандықтан, бұларды бір тасмола кезеңіне біріктіреді. Соңғы сатының, яғни қорғантас кезеңінің ескерткіштері мәдениеттің аяқталар уақытымен сәйкес келетіндіктен, мұнда сақ дәуірімен қатар, ғұн-сармат дәуіріне тән біршама жаңа элементтер байқалады. Аз зерттелген бұл кезеңге байланысты 30-ға жуық оба ескерткіштері ғана зерттелген. Ерте кезеңнің қорымдары көлемі жағынан неғұрлым шағын, көбіне 2 – 5 обаны біріктіреді, 10 – 20-дан астам нысандардан тұратын ірілері сирек кездеседі. Тас, топырақтан үйілген пішіні дөңгелек обалардың диам. 5 – 10, 15 м, биікт. 0,3 – 1, 1,5 м болатын шағын және орташа түрлері кеңірек танымал. Диам. 30 – 40 м-ден жоғары, биікт. 3 – 5 м-ден үлкен обалары аз зерттелген, іс жүзінде мұндай ірі нысандардан тек Нұркен-2 қорымынан ғана деректер бар. Қорғантас кезеңінің тастан үйілген обалары көлемі жағынан әлдеқайда шағын, қоршаусыз, орсыз келеді. Мүрделер шұңқыр қабірлер мен тас жәшіктерде басымен солт.-шығысқа қаратыла жерленеді. Ғұн дәуіріне өте-мөте тән белгілерге қабірдің бас жағындағы арнаулы орынға мал бастары мен аяқ сүйектерінің көптеп салынуы жатады.

Тасмола кезеңінің ғұрыптық ескерткіштеріне жататын “мұртты обалар” жүздеп саналады. Ғылыми пайымдаулар бойынша күншығысқа тартылған ұзын тас тізбектері бар мұндай күрделі құрылыстар қайтыс болған беделді адамдардың рухымен қоштасу, еске алу салтанаты кезінде жасалатын болған (қ. Мұртты обалар). ОрталықҚазақстанда ашылған ерте темір дәуірі қоныстары ағынды су көздерінен жырақта, жазық дала деңгейінен биікте, тау беткейлерінің күнгей, яғни шығыс, оңт.-шығыс жақтарында орналасатыны байқалды. Бұл қоныс тұрғындарының Орталық Қазақстанда ұдайы соғатын батыс желдерінен және қар қабаттарынан сақтануға мәжбүр болғандығын аңғартады. Заттық деректердің негізгі тобын құрайтын қыш ыдыс көбіне тікбүйірлі көзелер түрінде, сондай-ақ бүйірі дөңгеленген көзелер, аяқтар, сирек кездесетін шүмекті, тіктұтқалы, табанды ыдыстардың бөлшектері де бар. Ыдыстар ерекшелігінің бірі “маржандармен” шұңқыршалармен ғана шектелген өрнектерінің жұтаңдығында. Бұл қыш ыдыстар мерзімдік ерекшеліктеріне қарай генетик. жағынан Орталық Қазақстанда қола және ерте темір дәуірлерінің арасын алып жатқан доңғал кезеңінің ыдыстарына біршама жақындайды. Тас құралдардың арасында көптеп кездескен кетпендер мен дәнүккіштер тұрғындардың мал ш-мен қатар қосалқы сала ретінде егіншілікпен шұғылданғанын байқатады. Бір есептен, бұл егіншіліктің кейінгі қазақ тұрмысында қолданылған астық қыстау маңында өсірілетін формасы болса керек. Тасмола мәдениеті ескерткіштерінің өте аз зерттелген соңғы екі түрін ежелгі кен алған орындар мен петроглифтер құрайды. Мыс., алтын, т.б. металдар өндірілген кен орындарының бірқатары Солт. Балқаш өңірінде (Тесіктас, Саяқ, Сорқұдық, т.б.), Нұра өзенінің жоғарғы алабында (Алтынсу, Бесшоқы), т.б. аумақтарда белгілі. Солт.Балқаш өңірінде, Абыралы-Дегелең таулары маңында, Нұраның жоғ. бойында, Баянауыл тауларында және бірқатар орындарда ашылған петроглифтер қашау әдісімен орындалған аң, адам пішіндерін, аңшылық көріністерін, садақшылар қақтығысын және жайылып жүрген тағы аңдар мен үй жануарлары үйірлерін, түйе жегілген арбаларды, түйе керуенін бейнелейді. Обалардан алынған заттық деректерге сипаттама беруші мәліметтер танымал үш бөлікті құрайды: а) қару-жарақтар; ә) ат әбзелдері; б) ғұрыптық заттар, әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар. Тасмола қоғамында қола құю ісінің үздік шеберлері болды. Материалдық мәдениеттің жетекші категорияларының бәрі дерлік қоладан жасалған. Сонымен қатар темір бұйымдар (пышақтар, сулықтар, тоғалар) 1-сатының (б.з.б. 7 – 6 ғ-лар) өзінде-ақ пайда болған. Ерте кезеңнің екі қанатты ұңғылы және біршама ұзындау үш қанатты шыбықты жебе ұштықтары генетик. тұрғыдан алғанда беғазы-дәндібай мәдениетінің жебелерінен бастау алады. Осы кезге сабы қырлы, басы саңырауқұлақ іспетті қанжарлар, құрама жауынгер белдіктері тән. Ат әбзелдеріне ауыздықтар, үш саңылаулы қола немесесүйек сулықтар жатады. Ғұрыптық заттардан артқы беті ілмекті дөңгелек қола айналар, шағын, кейде 4 – 6 аяқты тас құрбандық ыдыстары ұшырасады. Қолөнеріне алтыннан жасалған жолбарыстың пішіндері, таутекенің қола мүсіндері, қабан мен бұлан бедерленген қола айналар, шиыршықталған қабан тәрізді мүйіз қапсырмалар жатады. “Хайуанаттық нақышта” дайындалған көп тұлғалы композициялардың бірі, мүйіз қапсырмадағы көрініс – алыстағы Туваның “алдыбел” ескерткіштеріне ұқсас. Табылған зергерлік бұйымдар сіркелеу, бедерлеу әдістерімен көркемделген.

Тасмола мәдениеті жоғары дамыған, мүліктік теңсіздік белгілері терең белең алған, дамыған қоғамдық құрылым түрінде сипатталады. Тасмолалықтарда металлургия мен металл өңдеу гүлденіп, экономикасының негізі көшпелі мал ш. болған. Шашыраңқы шаруашылыққа бірнеше туыстас отбасылардан тұратын кішігірім қауымдар жүйесі сәйкес келді. Мәдениетінің қалыптасуы мен ерекшеліктері осының алдындағы беғазы-дәндібай заманы қоғамының экожүйесінде туындаған бағыттардың нәтижелері ретінде бой көрсетеді. Археологиялық зерттеулер барысында алынған деректер бойынша сыртқы әсерлердің (мұның ішінде Қытай, Иран, Грекия, т.б. мәдени ағымдар) барынша аз, мәдени келбетінің неғұрлым төлтума сипатта болуы Тасмола мәдениетінің басты ерекшеліктерінің біріне жатады. Ғылsvb пікірлерге сәйкес, Қазақтың қатпарлы таулары толығымен Қазақстанның өз ішінде, сыртқы көршілермен жапсарлас шекаралық өлкелерден тыс жатқан далалық геогр. аймақ болғандықтан, бұл аумақтың мәдениеті ең алдымен жергілікті алғышарттар негізінде өмір сүрген. Ертеден қалыптасқан дәстүрлі пікір Тасмола мәдениетін Иран тілдес тайпалармен байланыстырады, сонымен бірге, оны байырғы түркілерге жатқызатын көзқарастар бар. Еуразияның басқадай скиф-сақ мәдениеттерінде ұшыраспайтын ерекше ескерткіштер болып саналатын “мұртты обалар” семантик. тұрғыдан ортағасырлық түркілердің тас балбалдар қатары шығысқа тартылған ғұрыптық қоршауларына біршама ұқсас.

3.«Шілікті археологиялық мәдениеті ескерткіштері» ж.с.д. VIII ғ. – ж.с.д. IV ғғ. мерзімделетін Тарбағатай теріскейіндегі Шілікті, Шағаноба және Алтайдың оңтүстік батысындағы Солдатово, Сарыкөл 1, 2 және Апар қорымдарындағы зерттелінген қорғандарға сипаттама жасалынып, олардан алынған материалдар сараланды.

С.С. Черниковтың 1960 ж. зерттеген Шілікті 1 қорымындағы № 5 үлкен қорғанның құрылысы күрделі [10]. Ж.с.д. VII – VI ғғ. мерзімделетін қорғаннан жоғары зергерлік шеберлікпен жасалған алтын әшекей бұйымдар, солардың ішіндегі бұғы бейнелері құрбандық малын, құрбандық шалу идеясын білдірді десе, А.И. Мартынов бұғыларды топтастыруда жасалу өнеріне, бейнеленуіне қарай олардың импорттық емес, жергілікті екендігін ашып көрсетеді.

Сыртқы құрылысы № 5 қорғанды қайталайтын Шілікті 1 қорымындағы № 7 қорғаннан 1949 ж. қазба кезінде ж.с.д. VI – V ғғ. мерзімделетін бүркіт түріндегі алтыннан қалыпталып жасалған қапсырманың 9 данасы табылған. Басы оңға бұрыла дене сұлбасының ішкі жағына қарай кіріккен 5 бүркіт қапсырмалардың басы оңға, 4-еуінің басы солға қаратылса, ал 2003 ж. Бәйгетөбе қорғанынан табылған сом алтыннан жасалған бүркіт бейнелі қапсырмалардың барлығының басы оңға бұрылған кейіпте бейнеленген. Алтын қаңылтыр балықтың бейнесі өте қызық, жұқа пластинкаларға перузадан көз, желбезек, құйрық және дөңгелек дән тізбектері дәнекерленіп жабыстырылған. Осы қорғаннан табылған балық пен қабан бейнелері Тывадағы ж.с.д. VIII ғ. соңы мен ж.с.д. VII ғ. жататын Аржан 2 қорғанынан табылған алтын заттардың тура аналогиясы.

Шілікті қорымындағы қорғандар жөніндегі келесі мәліметті ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімдеген Шілікті 1 қорымындағы № 11, 12, 13, 31 қорғандардағы 1959 ж. зерттеу жұмыстарының қысқаша есеп түріндегі С.С. Черниковтың сақталған қолжбасы ғана береді. 1959 ж. зерттеу жұмыстарында ерекше қызығушылық туғызатын жайт Шілікті қорымындағы № 11 қорғаннан ит қаңқасының адам жерленген қабірден шығуы. 2004 ж. Шілікті археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Шілікті 2 қорғандар тобындағы № 1 қорғаннан да иттің бас сүйегі кездескен болатын.

1909-1910 жж. Семейлік гидротехник Г.И. Бокий бастап қазып, қазба қабырғасының құлап кете беруіне байланысты толық аяқтамаған Шағаноба қорымында С.С. Черников 1959 ж. ж.с.д. VI – V ғ. жататын 14 шағын топырақ пен тас аралас қорғанға қазба жүргізіліп, малта тастан қаландысы бар № 11 құрылысқа барлау мақсатында траншея салған. Тоналған қорғандардан 2 ұңғылы сүйек, 5 темірден жасалған жебе ұштары, тас қайрақ сынығы, сабы бар темір пышақ, қапсырмалы тесігі бар 16 темір қаңылтыр, темір тілі бар екі қола айылбас және қола белдіктің басы табылған болатын. Шлак, көмір және күйген бөренелер шыққан № 7 нысан кен қорытатын пеш болуына қарағанда Шілікті патша қорғандарында жерленген басшыларын қамтамасыз еткен кенші, зергерлердің қалдырған ескерткіші болуы мүмкін.

2003 ж. бастап Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция Шілікті жазығында зерттеу жұмыстарын бастады. 17 қорғаннан тұратын Шілікті 3 қорымында өте күрделі архитектуралық құрылысы бар қорғанын қазып, ерте сақ дәуірі зергерлік өнерінің 4303 дана үлгілерін тауып үлкен олжаға кенелтті. Ж.с.д. VIII – VII ғғ. мерзімделетін № 1 (Бәйгетөбе) негізгі үш қабаттан тұратын қорған үйіндісінің ең сыртқы қабатын жапқан көкшіл түсті ұсақ малта тастар салынған уақытта алыстан көгілдір тартып мұнартып мұндалап тұрған. Уақыт өте келе ол табиғат, сондай-ақ адам аяғы мен мал тұяғы әсерінен сырғи-сырғи үйіндіні сыртқа жайылып кетпесін деп бекіткен тұғыр тастарының етегіне жиналған. Жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан тұрса, келесі қабаты тас үйінді, ал оның астында жер беті деңгейінде бір адам жерленген қызыл қарағайлардан қималанып салынған қабірхана орналасқан. Ерте темір дәуірі тұрғындары қыстауларындағы өздері тұратын үй-жай, баспаналарына ұқсатып қайтыс болған тумаластарына арнап о дүниелік баспаналарын – зираттарын тұрғызған. Жер асты үйлері жер үсті үйлерін қайталайтын, әрі дәл сондай материалдарды пайдаланған [11, 84-б.]. Көне жер бетіне салынған жерлеу орындары Батыс және Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Орта Азия жерлерінде қола дәуірінің соңындағы өтпелі және ерте-скиф уақытына тән. Сақтардағы шығысқа, күнге мінәжат ету ғұрпы бойынша ғимараттың шығыс жақ беті пирамидаға ұқсатып салынған. Қабірхананың шығыс жағынан үлкен және оңтүстік шығыс жағынан кіші екі жер асты көрдәліздері (дромос) ашылды. Соңғысы үлкен көрдәлізбен қабірхананың аузына жақындаған жерде қосылады. Негізгі қызметті кіші дәліз атқарған, бұл жасырын жермен өлілер о дүниеде рахат көру үшін бұл дүниедегі тірілер, яғни тайпалас, рулас туысқандары қайтыс болғандарды еске алып олардың құрметіне ғұрыптық ас беріп, әр уақыт мінажат етіп, әрі ас-сумен қамтамасыз етіп отырған. Қабірхананың солтүстік қабырғасынан алғашында қорған төбесіне орнатылған екі бөлінген сырты жақсы өңделген төрт қырлы болып келген сұр сынтас шықты. Қабірханадан майлы бояумен салынған бұғының, еліктің суреттері бар белгісіз ағаш заттың бөлікше тақтайшалары сақ әлемінде алғаш табылуы. Шілікті қорғандары алтын әшекейлері Т. Жәутіковтің алғашқы қорытындылары бойынша шикізаты жергілікті алтыннан қолдан құйылған жоғары сынамалы (90-96%), әртүрлі техникамен орындалып, құйылып, шыңдалып, дәнекерленіп, тегістеліп, перузамен безендіріліп жасалған. Бұл алтын заттар қайтыс болған адаммен бірге қоюға арналған ғұрыптық зат емес, бұл әшекейлер патшаның тірісінде салтанатты жиындарға, мерекелерге киетін киімі болған.

Ә.Т. Төлеубаевтың басқаруындағы Шілікті археологиялық экспедициясы 2004 ж. бастап күні бүгінге дейін мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шілікті қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Нәтижесінде үш ірі қорғандар өзінің тарихи-мәдени, ғұрып-салттық типологиясы, шыққан заттары бойынша ж.с.д. VШ – VІІ ғғ мерзімделген [12].

Шілікті қорғандарының дәл анологиясын қайталайтын әзірге зерттелген қиыр солтүстік шектегі ескерткіш – Солдатово қорымындағы № 2 қорған. Осыған ұқсас ескерткішті Шығыс Қазақстанның далалық өңірінен Ф.Х. Арсланова да зерттеген болатын. Шілікті қорғандарымен өте ұқсас ескерткіштер қатарына топырақ үйінділі 54 қорғаннан тұратын ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімделетін Усть-Бөкен қорымында жылқы қосып жерлеуі жоқ қабір шұңқырдың бетіндегі ағаш бөренелер кертпешелерде тиянақталып жабылған. Біз бұл жерде пазырық және құлажорға мәдениеттерінің жерлеу ғұрпы мен тұтыну бұйымдарынан нақты айырмашылығы бар, әрі көп жағынан ұқсастығы бар Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің нағыз жергілікті этникалық тобын кездестіреміз. С.С. Черников бөкендіктерді шіліктіліктердің қарамағындағы ел дей отырып, шіліктіде патшаларын жерлеген бұл жұрт құлажорғалықтар мен пазырықтардан жерлеу ғұрпы мен жерлеу заттары бойынша ерекшеленетін, нағыз жергілікті этникалық топ деп көрсеткен.

Қазіргі таңда қолда бар қордаланған бірегей материалдарға, ұқсас ескерткіштердің белгілі бір территорияны алып жатуына байланысты «шілікті археологиялық мәдениеті» деп жаңаша бөліп ж.с.д. VIII – ж.с.д. IV ғғ. мерзімдедік.

← Предыдущая
Страница 1
Следующая →

Скачать

Abdesh agai.docx

Abdesh agai.docx
Размер: 36.7 Кб

Бесплатно Скачать

Пожаловаться на материал

Ғалымдар хайуанаттық нақыштың даму барысын үш кезеңге бөледі. Тасмола мәдениеті. Шілікті археологиялық мәдениеті ескерткіштері

У нас самая большая информационная база в рунете, поэтому Вы всегда можете найти походите запросы

Искать ещё по теме...

Похожие материалы:

Реферат по культурологии

Культура и ее понимание на Востоке. Индо- Буддийский тип культуры. Конфуцианско- Даосистский тип культуры. Арабо- Исламский тип культуры

Вычислить напряженность и потенциал в точках, удаленных от центра сфер

Задача по физике, решение. Две металлические концентрические сферы с радиусами 15 и 30см расположены в воздухе. На внутренней сфере распределен заряд , а потенциал внешней сферы равен 450В.

Маркетинг в антикризисном управлении

Антикризисный маркетинг – понятие, цели и функции Средства и стратегии маркетинга. Использование средств маркетинга в антикризисном управлении

Рынок труда и безработица. Государственная политика занятости

Курсовая работа по дисциплине МАКРОЭКОНОМИКА.

Договор на приобретение путевки(ок) физическим лицом

Сохранить?

Пропустить...

Введите код

Ok